Сөз бедерлеудің құралдары (БАҚ негізінде)
Тоқмахан Ф.Ш.
Қазақ ұлтының тілі – тарихы мен бүгіні және болашағы бар ұлттық құнды қазына. Ұлтсыз тіл жоқ, тілсіз сол тілде сөйлейтін, тілді дамытатын, динамикалық прогресске өсіретін халық жоқ. Осы себепті қазақ халқының тағдыры да қазақ тілімен тікелей байланысты. Осы кезекте төртінші билік көзі болып табылатын, бүгінгі таңда ең үлкен сұранысқа ие бұқаралық ақпарат құралдарының алатын орны ерекше. Кез келген ұлттың тілі, жағдайы, әлеуметтегі өзгерісі сол ұлттың бұқаралық ақпарат құралдары, соның ішінде телехабарлардан, газет-журналдар тілінен көрініс табады. Ал телехабарлар тілі – көпшілік көрермен қауымға бағытталған, ой-санасына негізделген ауызша әдеби сөйлеу тілі. Қоғамның жан-жақты дамуымен бірге тілдің сөздік қоры мен жиынтығы, сонымен бірге структурасы да дами түсуде. Академик Мұхтар Әуезовтің айтқанына назар салсақ: «Халық арасында небір жаңа сөз, жаңа терминдер туып жатады, бұл – табиғи процесс. Солардың шала туғандары өліп, мезгілін біліп туғандары қанаттанып, азаматтық сөздер қатарына қосылады. Құдайға шүкір, сөздік қоры жағынан қазақ тілі ешкімнен де кедей де кем де емес, әдебиетіміздің қаулап өсуінің бір себебі осында жатқан сияқты» [1]. Ауызша сөйлеу тіліне негізделген бұқаралық ақпарат құралдарының тілдік дамуға тигізер әсері мен септігі зор екендігі туралы пайымдалып тұр. Себебі, тіл – тарихи құбылыс, ол әрбір кезеңдерде өзіндік сипатта қолданыс табады. Бұқаралық ақпаратта тіл мезгіл сайын өзгеріске, жаңашылдыққа ұшырайды. Телехабарлар тілін, оның стильдік ерекшеліктерін зерттеу бүгінгі таңда өзекті мәселеге айналуда.
Қазақ тілі білімінде бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде баспасөз, радио тілі, телехабарлар тіліне біршама зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Телехабарлар тіліне, стильдік ерекшеліктеріне қатысты ойлар айтылғанымен, бірізді зерттеулердің арасында академик М.Серғалиевтің 1994 жылы «Халық кеңесі», «»Егемен Қазақстан», «Ана тілі» сияқты басылымдарда жарияланған «Көгілдір экраннан айтылар сөз немесе осы төңіректегі кейбір ойлар», «Ой мен сөздің жарасымы немесе телехабарлар тіліндегі кейбір кемшіліктер туралы», «Радио және телехабарлар тілі туралы» сияқты мақалаларынан бастау алады. Кейіннен 1999 жылы «Мемлекеттік тіл: терминология іс қағаздары мен бұқаралық ақпарат құралдарының тілі» жинағында жарық көрген «Хабар бағдарламасының стилі мен тілі туралы» атты мақаласы және 2004 жылы ғалым М.Балақаевпен бірігіп шығарған «Қазақ тілінің мәдениеті» атты оқулығы толықтырылып жарық көрді. Бұл ғылыми еңбектерде қазақ тілінің телехабарларды яки бұқаралық ақпарат құралдарындағы жалпы тіл мәдениетіне, эстетикасына, этикалық қағидаттарына, сөз бедерлеудің құралдарына, сөздердің қолданылу заңдылықтары төңірегінде пікірлерін білдірген.
Хабар жеткізуші, тілдік қатынасқа түсуші телехабар жүргізушілерінің сөйлеу мәнері, сөйлеу дағдысы, сөз қолдану лексикасы ең маңызды қызмет атқарады. Журналист белгілі бір контекстегі мәтінді оқу барысында сөздің мәнін, мағынасын ашу үшін үтір, нүкте, қос нүкте, нүктелі үтір, сұрақ белгісі, леп белгісі арқылы сөздің эмоционалды-экспрессивті болуын назар аударады. Осы жазуда қолданылатын белгілерді ауызша жандандырады. Осыдан ақпарат жеткізуші журналисттің сөйлеудегі логикалық екпіні, темп (қарқыны), негізгі тоны, пауза (кідіріс), мелодика (әуезділігі), ритм (ырғақ) сияқты біршама интонациялық компоненттерінің септігімен орындалып отыратыны мәлім. Ақпарат жеткізуші журналист ақпарат қабылдаушыны өзінің дауыс ырғағымен, саздылығымен, әуезділігімен, табиғи мәнерімен баули білуі қажет. Бұл көпшілік көрермен қауымға әсер етуші фактордың негізгі аспектісі. Ғалым М.Балақаев: «Тіл мәдениеті дегеніміз – сөйлеудегі, жазудағы сыпайылық, ізеттілік қана емес, сонымен қатар ойлылық, сөзді дәл айту шеберлігі, сөйлеу өнеріне шыныққандық, сауаттылық» [2].
Академик М. Серғалиев тележурналисттердің ауызша сөйлеудегі дауыс мәнеріне ерекше назар аударған. Журналистер ақпарат беруде тыңдарман қауымның интенциясын яки тыңдауға, қабылдауға деген құштарлығын арттыруы тиіс. Себебі, адам танымында акустика мен артикуляциялық қабылдау феномендері тікелей тілге сайып келеді. Ғалым: «Орфография мен орфоэпияның заңдылықтарын сақтау сауатты жазу және дұрыс сөйлеу мәдениеттілігінің көрінісі болып табылады»,-дейді. Көпшілік алдында ақпарат беруде нақты қалыптасқан жүйенің, нормативті норманың болуы негізгі принцип ретінде қарау. Тұрмыс-тіршіліктегі, ауызекі сөйлеудегі, қарым-қатынастағы жалпы айтқанда коммуникациядағы сөйлеу не дыбысталу ерекшеліктерін қалыпты межеден ауытқып кетпеуі, сауатты әрі әдеби сөйлей білуі шарт деп санады. Ғалым дұрыс сөйлеуге бағыт-бағдар беретін бүгінгі қоғамда қажеттілік туғызатын құралдың бірі орфоэпиялық сөздік құрастыру мәселесі жөнінде сөз етті. Осы ретте Серғалиев: «Радио мен теледикторларға, коментаторларға, жалпы эфир арқылы ақпарат берушілерге арналған орфоэпиялық сөздік жасаудың кезі келді. Ондай сөздікті бір немесе екі автордың құрастыруы, тіптен жеткіліксіз, өйткені мұндай сөздік қазақ сөздерін түгел қамтымаса да, басым көпшілігін жинауға тиіс; оның үстіне жаңадан пайда болып жатқан сөздердің енгізілуі жөн; мыңдаған жер-су атаулары, ел, мемлекет аттары сөздіктен сырт қалмағаны жөн» [3]. Ғалым қазақ тілінің әдеби тіл нормасының дұрыс қолданылуын, жарасымын, тазалығын, көркемділігін, мәнерлілігін, мәдениетін басты көрсеткіш ретінде бағалаған.
Ендігі кезекте біздер бұқаралық ақпарат құралдарының ішіндегі маңызды сөз бедерлеудің құралы мол ұшырасатын баспасөз тілінің мәдениетіне кезек береміз. Ұлттық баспасөз тілінің даму мерзімі бірден туып, сараланып, екшеленіп белгілі бір қалыпта қалыптасып кеткені аян. Баспасөз тілінің дамуы, қоғамда орын алуы халықтағы мемлекеттік тілдегі газет-журналдардың шыға бастауымен тікелей байланыс тапты. Уақыт өте келе халық та, ондағы әдеби тілде нормативтік құндылықтарға ие бола бастады.
Баспасөз тілінде қолданыс табатын байырғы сөздердің өзіндік ерекшеліктері бар. Олар бұрыңғы лексемалық мағыналарының үстіне жаңа мағыналық реңк үстейді, және мұндай қолданыс шеңбері бүгінгі күнде кеңейе түскен. Олардың негізгі, субстантивті мағынасы өзгермегенімен, баспасөз тілінде қызметі артып, жаңа тіркес ретінде танылып жүр. Бұл әдеби тілдің дамуына өз үлесін қосады. Бүгінгі көгілдір экран мен төрт беттік рухани мәдениетін өтеуге бет бұрған заманда бұқаралық ақпарат құралдарының аясы кеңейді. Заманның қағидасы адамзатты осыған бейімдеуде. Газет-журнал әдеби тіл нормасындағы әдеби тілдің негізгі көрсеткіші, ақпарат алу көзі.
Тіл мен баспасөз – егіз ұғым. Қоғамдық-саяси мәдени дүниемізде болып жатқан өзгерістер тіл арқылы баспасөз беттерінде көрініс табады. Кез келген ұлттың синхронды тіл білімін зерттеу үшін алдымен оның мерзімді баспасөзіне назар аударамыз. Зерттеу барысында баспасөз тілінің ішкі структурасы, фонетикалық, морфологиялық, сөзжасамдық, синтаксистік ерекшеліктерінен гөрі, оның ішкі мағыналық құрамына яки лексикалық қорына, сөз байлығына, көркемдігіне, бейнелілігіне ең басты назарда.
Тіл мәдениеті мен тіл тазалығын сақтауға аса кедергі туғызатын бір жайт – ол бүгінгі заман талабына сай терминдердің баламасын тауып жүрген терминдер жайы. Терминологияны дұрыс әрі тиімді, нақты етіп қолдану ол әдеби тіл нормасының қалыпты нормативін көрсетеді. Тілдің ең басты мақсаты – ұлттық құндылығы мен өз табиғатын сақтап қалу. Мүддеміз – сол мәдениетті дамыту үшін, шарықтау шегіне жеткізу үшін күресу. Ескерте кететіні негізгі жайт тіл мәдениетін, эстетикасын үйрететін баспасөз тілі, газет-журнал тілі екенін естен шығармаған абзал.
«Тілімізде жаман сөз жоқ, кінә сөзді орнына қолдана білмейтіндердің өзінде, әр сөзге, сөйлемге өзінің таңдаулы, талғаулы, екшеулі орындарын дұрыс тауып бере білсе, жай сөздің өзі де поэтик тілдің рөлін атқарады». Сол сияқты ғалым М.Серғалиев: «Тілдегі дұрыс сөздерді теріс жұмсай берсе, солар да дәстүрге айналып кетуі мүмкін. Міне, біз осындайдан сақтануымыз қажет» [6]. Тіл мәдениеті халық мәдениетінің деңгейін танытатындықтан, ұлттық жазу мен сөйлеу мәдениетінің сапалық деңгейі жоғарылаған сайын әдеби тілдің де мәдениеті арта. ұлғая түсері хақ. Мерзімді баспасөз тілі, жалпы айтқанда бұқаралық ақпарат құралдарының тілі таза, бұрмасыз, боямасыз, халықтың дүниетанымына, ұлттық стереотипіне сай болуға тиіс. Сондықтан да ол қалыптасу процесі тоқталмайтын, тіл дамуынан нақты хабардар ететін аса қуатты құрал.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Оразалы Ш., Нұртазин М. «Тілге де тірек керек». Астана. 2003ж.
- 2. Балақаев М., Серғалиев М. «Қазақ тілінің мәдениеті». Оқулық. Алматы, 2004ж.
- 3. Серғалиев М. «Көгілдір экраннан айтылар сөз немесе осы төңіректегі кейбір ойлар». Халық кеңесі, 1994ж, 5 наурыз.









Автордың жаңа жазбасы тиянақты жазылыпты. Қазіргі тіл тазалығына, мәдениетіне жақсы талдау жасапты.